Қарағандыдағы Амур жолбарысының шөнжіктеріне есім берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды хайуанаттар бағында Амур жолбарысының егіз шөнжіктеріне есім таңдалды. 

Бұл шешім Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шара барысында жарияланды. 

Хайуанаттар бағының әлеуметтік желілерінде өткен байқауға тұрғындар үлкен қызығушылық танытып, 300-ден астам ұсыныс түскен. Дауыс беру қорытындысы бойынша жолбарыстың ұрғашы шөнжігіне – Киара, ал еркегіне – Муфаса деген есім берілді. Бұл атаулар көпшілікке «Арыстан патша» мультхикаясынан жақсы таныс және байқауға қатысушылардың пікірінше, қос жолақты аңға өте үйлесімді келеді.

– Біз хайуанаттар бағының тек жануарлар әлемімен таныстыратын орын ғана емес, балалар мен ересектерді ұлттық мәдениетке жақындастыратын маңызды алаң болғанын қалаймыз. Сондықтан жас домбырашылар арасында онлайн байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды дипломдармен және сыйлықтармен марапаттадық. Мерекелік іс-шара барысында жолбарыс шөнжіктерінің есімдерін жарияладық. Шынын айту керек, таңдау оңай болған жоқ. Дегенмен, соңында Муфаса мен Киара нұсқасына тоқтадық. Шешім арнайы комиссияның талқылауы арқылы қабылданды. Бұл байқауға белсенді қатысқан баршаға алғыс айтамыз, – деді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Қазір жолбарыс шөнжіктерінің жағдайы жақсы. Олар тез өсіп, күш жинап, келушілердің сүйікті жануарларына айналып үлгерді. Әзірге кішкентай жолбарыстар анасымен бірге өмір сүріп жатыр. Алайда күн өткен сайын өз бетінше әрекет етуге бейімделіп, қоршаудағы кеңістікті игеріп келеді.

Хайуанаттар бағы директорының айтуынша, алдағы уақытта жолақты жыртқыштардың бірін Қарағандыда қалдыру, ал екіншісін айырбастау жоспарланып отыр. 

Амур жолбарысы – мысық тұқымдастардың ең ірі әрі сирек кездесетін өкілдерінің бірі. Ол Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан хайуанаттар бағындағы әрбір жаңа төлдің дүниеге келуі осы түрдің популяциясын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Биыл Қарағанды хайуанаттар бағында нағыз «бөбектердің көбею кезеңі» байқалуда. Амур жолбарысының шөнжіктерінен бөлек, басқа да жануарлар төлдеді. Жылқылар мен түйелерде, шетленд понилерінде, еуропалық бұғыларда, камерун ешкілерінде және өзге де жануарларда төл пайда болды. Алдағы уақытта жаңа толықтырулар күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1254093?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version