3 шілде күні кешкі уақытта полицияға қаладағы дәмханалардың бірінің маңында тұрған велосипедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, велосипед аулада арнайы қорғаныс құралдарынсыз, яғни велоқұлыппен бекітілмеген күйде қалдырылған. Осыны пайдаланған күдікті оны жасырын иемденіп кеткен.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жетіп, жәбірленушіден ұрланған велосипедтің сипаттамасы мен күдіктінің белгілерін нақтылап алғаннан кейін дереу іздестіру шараларын бастады.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде күдікті көп ұзамай ізін суытпай ұсталды. Ол 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұстау кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Ұрланған велосипед табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Жетісу облысы полиция департаменті азаматтарға мүліктің сақталуы қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға тікелей байланысты екенін еске салады. Велосипед иелеріне оны қараусыз қалдырмауға және міндетті түрде арнайы велоқұлып, шынжыр немесе трос секілді сенімді қорғаныс құралдарын пайдалануға кеңес береді.
Құқық бұзушылық орын алған жағдайда полицияға дер кезінде хабарласу қылмыстың жедел ашылуына және ұрланған мүліктің заңды иесіне қайтарылуына мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1253830?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау