«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, өңір тұрғындары мен қонақтарының жаппай демалатын орындарында профилактикалық рейдтер өткізуді жалғастыруда.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – табиғат қорғау заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігінің алдын алу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Рейд барысында мамандар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны таза ұстауға, тұрмыстық қалдықтарды табиғатқа тастамауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және табиғат аясындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылады. Азаматтарға тыйым салынған жерлерде от жағуға болмайтыны, пайдаланғаннан кейін отты толық сөндіру қажеттігі, ашық отпен жұмыс істеу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау керектігі түсіндіріледі. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары мен табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат беріледі.
Жетісу облысының Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға және табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ұмытпауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1253831?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау