Қордай ауданының Қаракемер ауылында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында арнайы жұмыс тобының қатысуымен рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жұмыс тобына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жетекшілік етті. Оның құрамына Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тимур Серік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы Айдын Бибол, облыс әкімі аппаратының әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы Қарлығаш Салықбаева, облыстық психологиялық қолдау орталығының педагог-психологі Назгүл Қасымбекова, облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов және Қордай аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының орынбасары Медетбек Біржан кірді.
Іс-шара барысында жұмыс тобы Қаракемер ауылындағы үш мал сою цехын және бірқатар сауда орындарын аралап, балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізді. Негізгі мақсат – өндіріс орындарында кәмелетке толмағандарды еңбекке тарту деректерін зерделеу, балалардың құқықтарының сақталуын бақылау және заң талаптарын түсіндіру.
Жұмыс сапары аясында ауыл тұрғындарымен және ата-аналармен кездесу өткізіліп, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі және еңбек заңнамасының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында тұрғындар балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, бос уақытын мазмұнды өткізу, ауылда мәдениет үйінің жоқтығы және үйірмелердің тар ғимаратта жұмыс істеуі сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ата-аналар балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін күшейтуге қатысты ұсыныстарын білдірді.
Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы балалардың құқықтарын қорғауда бақылау шараларымен қатар алдын алу жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталды. Осыған байланысты халық көп жиналатын орындарда – дүкендерде, пошта бөлімшелерінде және ауылдық әкімдік ғимаратында балалар еңбегіне қатысты заңнамалық талаптар мен балалардың құқықтарын түсіндіретін арнайы ақпараттық бұрыштар орналастыруды ұсынды.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында мектептерде оқушылар мен ата-аналары үшін қаржылық сауаттылық және құқықтық мәдениет тақырыптарында дәрістер ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, балалардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын қатар дамыту – олардың өмірлік дағдыларын қалыптастырудың маңызды негізі.
Кездесу барысында Қаракемер ауылынан шыққан белгілі қоғам қайраткерлері мен табысты азаматтарды оқушылармен кездестіру мәселесі де көтерілді. Елге танымал тұлғалардың қатысуымен жастарға арналған тағылымды кездесулер ұйымдастыру ұсынылды.
Рейд барысында ауылдағы сауда орындары да тексеріліп, кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптары түсіндірілді. Әсіресе 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатыны және заң талаптарын бұзған жағдайда көзделетін жауапкершілік жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Қаракемер ауылындағы жұмыс сапары балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне кешенді көзқарастың маңызын көрсетті. Мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен жұмысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарының сақталуына және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/childrenrights-zhambyl/press/news/details/1256723?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау