Нарықтағы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы қалай қамтамасыз етіледі?
Осы тақырыпқа арналған брифингте Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова баяндама жасады.
Ол өз сөзінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың негізгі құралдарының бірі – бақылау мақсатында сатып алу жүргізіп, кейін өнімдерді зертханалық зерттеуден өткізу екенін атап өтті.
Жыл басынан бері мамандар 1 378 өнім үлгісін іріктеп алып, зертханалық зерттеуден өткізді. Оның нәтижесінде 429 өнім үлгісі (31%) техникалық регламенттер мен санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 36 сауда субъектісіне қатысты өнімді айналымнан алып қою және кері қайтарып алу жөнінде жедел ден қою шаралары қабылданды. Жалпы сомасы 1,4 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, 23 өнім атауына қатысты сәйкестікті бағалау жөніндегі құжаттардың қолданылуы тоқтатылды.
Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің жарнамасы орналастырылатын интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 45 аккаунтқа мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 11 жарнама таратушыға анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдық хаттар жолданды.
Халықты және кәсіпкерлік субъектілерін ақпараттандыру мақсатында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің өзекті тізімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында тұрақты түрде жарияланып отырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-pavlodar/press/news/details/1255919?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау