Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы электр энергиясын өндіру көлемі жыл сайын артып келеді. Өңірде күн, жел және су электр стансалары іске қосылып, өндіріс қуатын ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.
Алғашқы жобалардың бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы. 2014 жылы пайдалануға берілген нысанның қуаттылығы бүгінде 7 мегаваттқа жетіп, республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесіне электр қуатын жеткізіп отыр.
Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансалары жалпы қуаты 100 мегаватт болатын Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі саналады. Сонымен қатар Қордайдағы жел электр стансалары, «Тасөткел», «Қарақыстақ» және «Меркі-3» су электр стансалары өңірдің энергия өндіру әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдің табиғи әлеуеті жаңартылатын энергия өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Жел мен күн энергиясын тиімді пайдалану арқылы электр тапшылығын азайтып, шалғай елді мекендерді тұрақты энергиямен қамту көзделген.
Бүгінде Жуалы ауданында қуаты 1 гигаватт болатын жаңа жел электр стансасын салу жоспарланса, Сарысу ауданындағы «Жаңатас» жел электр стансасы толық қуатында жұмыс істеп, жылына 350 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіруде.
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бұл жобалар өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканың тұрақты дамуына негіз болмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1257285?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау