СКРИНИНГТІК ЗЕРТТЕУЛЕРДЕН ӨТУ ҮШІН ДЕМАЛЫС БЕРУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРМЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 87-бабының 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыскерлерге (басқа да әлеуметтік демалыстармен қатар) жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беріледі.

Скринингтік зерттеулерден өту үшін берілетін демалыс жыл ішінде қатарынан үш жұмыс күні ретінде де, сондай-ақ күнтізбелік жыл бойы бөліп-бөліп те берілуі мүмкін.

Әлеуметтік демалыста болған кезең, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, еңбек өтіліне есептеледі.

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен рәсімделеді.

Кодекстің 23-бабының 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен және көлемде жұмыскерге жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 87-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс берушілер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеулерден өтуге жататын адамдардың олардан өтуі үшін жағдай жасауға, сондай-ақ жұмыскерлерді жұмыс уақыты ішінде жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысын сақтай отырып кедергісіз босатуға міндетті.

Осылайша, жоғарыда аталған әлеуметтік демалысты жұмыс күндері беру жұмыс берушінің міндеті болып табылады.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 80-бабының 3) тармақшасы).

Скринингтік зерттеулер – халықтың клиникалық белгілері мен шағымдары жоқ адамдарын әртүрлі ауруларды ерте сатысында анықтау, олардың дамуының алдын алу және қауіп факторларын айқындау мақсатында жүргізілетін медициналық тексерулер кешені («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 234) тармақшасы).

Скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтар, сондай-ақ оларды жүргізу қағидалары, көлемі мен мерзімділігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығымен бекітілген.

Аталған бұйрыққа сәйкес скринингтік зерттеулерді өткізу үшін амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары (бұдан әрі – АЕК ұйымдары) медициналық ұйымға тіркелген халық арасынан скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтарды қалыптастырады және оларды телефон қоңырауы, SMS-хабарлама, үй-үйді аралау, сондай-ақ ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық науқандар арқылы шақырады.

Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге амбулаториялық-емханалық ұйымның тиісті хабарламасы да, жұмыскердің өз бастамасымен скринингтен өту туралы шешімі де негіз бола алады.

Скринингтік зерттеулерден өту азаматтың міндеті болғанымен, жұмыс беруші жұмыскерді олардан өтуге мәжбүрлей алмайды.

Алайда, егер жұмыскер скринингтік зерттеулерден өтуге ниет білдірсе, жұмыс беруші оны жұмыстан босату, жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысын сақтау арқылы мұндай зерттеулерден өтуіне жағдай жасауға міндетті.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-enbek/press/news/details/1257286?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version