2026 жылғы 20 маусым – 3 шілде аралығында «Исаков Андрей» ЖҚҚ панажайы негізінде Fondation Brigitte Bardot және Tierschutz Entwicklungshilfe e.V. (Германия) халықаралық зооқорғау ұйымының қолдауымен жануарларға ізгілікпен қарауды дамытуға және ветеринар мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық қайырымдылық акциясы сәтті өтті.
Мұндай іс-шараларды өткізу қараусыз қалған жануарлардың санын ізгілікпен реттеуге, жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға және үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы кезеңде облыс және Петропавл қаласы аудандары ветеринариялық станцияларының ветеринар мамандары халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен иттер мен мысықтарды кастрациялау мен стерилдеудің заманауи технологиялары бойынша теориялық оқытудан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 32 маман иттер мен мысықтарды кастрациялау жөніндегі халықаралық науқанға белсенді қатысқанын және хирургиялық операцияларды жүргізудің заманауи қауіпсіз әдістерін табысты игергенін растайтын атаулы сертификаттар алды.
Сонымен қатар, Петропавл қаласы ветеринариялық станциясының мамандары акция аясында иелері халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын үй жануарларына тегін чип салуды жүргізді. Акцияны өткізу кезеңінде 23 үй жануары, оның ішінде 12 ит пен 11 мысық бірдейлендірілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-veterinary/press/news/details/1256692?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау