Жетісу облысы Полиция департаментінде департамент бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайыновтың төрағалығымен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызметтің қорытындысы шығарылды.
Алты ай ішінде өңірде 1 415 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1 478 болған. Ауыр қылмыстардың, адам өлтіру, алаяқтық, мал ұрлығы, қоғамдық орындарда және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтардың саны азайды. Сонымен қатар, негізгі бағыттар бойынша қылмыстарды ашу көрсеткіштері жақсарды.
Кеңес барысында аумақтық бөлімшелердің жұмысына объективті баға беріліп, жедел-қызметтік қызмет нәтижелері қаралды және алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларының профилактикасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бөлімше басшыларына ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып табылатын Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу деректерін анықтау жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Кеңес қорытындысын шығара отырып, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайынов:
«Әрбір алдын алынған қылмыстың, әрбір ашылған істің және әрбір сақталған өмірдің артында полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі тұр. Біздің басты мақсатымыз өзгермейді — Жетісу облысын әрбір тұрғын үшін одан әрі қауіпсіз өңірге айналдыру», – деп атап өтті.
Жедел кеңестің қорытындысында жеке құрамға Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында берілген тапсырмалар жеткізіліп, заңдылықты қамтамасыз ету, «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыру, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөніндегі талаптар түсіндірілді.н.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1256688?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау