Қарағандыда үстел теннисінен республикалық турнирге 250-ден астам жас спортшы жиналды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыда үстел теннисінен SARYARKA-2026 I ашық республикалық турнирі басталды. Додаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 250-ден астам жас спортшы қатысып жатыр. 

Бес күн бойы олар үш жас санаты бойынша медальдар мен жүлде қоры үшін бақ сынайды.

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жарыстың жас спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, жаңа белестерге жетелеуде маңызды алаңға айналатынын атап өтті.

— Бүгінде үстел теннисі – қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ол тәртіпке, мақсатқа ұмтылуға және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді. SARYARKA-2026 турнирі қатысушылардың шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, көптеген жас спортшы үшін үлкен спортқа бастар маңызды қадам болады деп сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Сондай-ақ ол қатысушыларға тартысты ойын, әділ бәсеке және жаңа жеңістер тіледі.

Турнирдің бас төрешісі әрі Қарағанды облысының үстел теннисі бойынша аға жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның айтуынша, жарыстың басты мақсаты – үздіктерді анықтау ғана емес, осы спорт түрінің дамуына тың серпін беру.

— Турнирдің негізгі міндеті – үстел теннисін кеңінен насихаттап, жас спортшылардың дайындық деңгейін арттыру. Биыл қатысушылардың құрамы өте мықты, әсіресе ересек жас санатында бәсеке жоғары. SARYARKA турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, үстел теннисінің тек өңірімізде ғана емес, елімізден тыс жерлерде де дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Эльмира Әлиева.

Жарысқа қатысушылардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Алан Құрманғалиев те бар.

— Бұл турнирде әлсіз қарсылас жоқ. Өз жас санатымда бәсеке өте жоғары. Әрине, мақсатым – жеңіске жету. Турнир аяқталған соң бірден Ташкентке халықаралық рейтингтік жарысқа аттанамын. Бұл – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі. Сондықтан қазір бар күш-жігерім мен ойым сол жарысқа бағытталған, – деді Алан Құрманғалиев.

Бүгінде Қарағанды облысында үстел теннисімен 13 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның төрт мыңға жуығы – ауыл тұрғындары.

Қарағандының үстел теннисі мектебі еліміздегі ең мықты мектептердің бірі саналады. Оның тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1257781?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version