Күн сайын тұтынушылар сауда орындарынан да, интернет-дүкендерден де түрлі тауарларды сатып алады. Алайда өнім түрлерінің көптігі оның сапасы мен қауіпсіздігіне әрдайым кепіл бола бермейді. Сапасыз, контрафактілік немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді сатып алмау үшін тауарды таңдауда бірнеше маңызды талапқа назар аудару қажет.
Ең алдымен, өнімде немесе оның қаптамасында Еуразиялық экономикалық одақтың нарығында өнім айналымының бірыңғай ЕАС белгісінің болуына мән берген жөн. Бұл таңбалау өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі бағаланып, белгіленген талаптарға толық сәйкес келетінін растайды.
Сондай-ақ өнім өндірушісі туралы ақпараттың толық көрсетілуі маңызды. Қаптамада өндірушінің атауы, өнімнің шығарылған елі және байланыс деректері көрсетілуі тиіс. Бұл мәліметтердің болмауы өнімнің қолданыстағы талаптарды бұза отырып айналымға шығарылғанын көрсетуі мүмкін.
Тұтынушыға арналған ақпаратқа да ерекше назар аудару қажет. Өнімді пайдалану жөніндегі нұсқаулық, қолдану ережелері, сақтау шарттары мен қауіпсіздік шаралары мемлекеттік және (немесе) орыс тілінде ұсынылуы тиіс. Бұл талап тұрмыстық техникаға, электроникаға, балалар тауарларына және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды қажет ететін өзге де өнімдерге қатысты ерекше маңызды.
Импорттық өнімді сатып алу кезінде импорттаушы немесе уәкілетті өкіл туралы мәліметтердің болуын да тексерген жөн. Бұл ақпарат өнімнің сапасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда жауапты тұлғаны анықтауға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тұтынушы сатушыдан өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды — сәйкестік сертификатын немесе сәйкестік туралы декларацияны талап етуге құқылы. Қажет болған жағдайда мұндай құжаттардың шынайылығын ресми мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеруге болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1256594?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау