Қауіпсіздік бағыты: ШҚО полициясы жартыжылдық қорытындысын шығарды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтің төрағалығымен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылды.
Басты бағыт — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру болып табылады.
Өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты және бақылауда. Полицейлер ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы күресті табысты жүргізіп келеді: жасырын зертханалар жойылып, заңсыз айналымнан едәуір мөлшерде есірткі тәркіленді.
Жол мәселесіне ерекше назар аударылды. «Икемді» патрульдеу жүйесін енгізу және апатты учаскелерде модульдік бекеттерді орнату жүргізушілердің тәртібін жақсартып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, полиция «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, экологиялық заң бұзушылықтардың жолын кесуде және стихиялық қоқыс орындарын жоюда нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалмады. Дағдарыс орталықтарымен бірлесе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетілуде, ал мектептер мен колледждерде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: балалар буллингтен және интернет-алаяқтардан қорғалуда.
«Біздің басты басымдығымыз — әрбір тұрғын үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету. Полиция әрбір ауданда тыныштық пен жайлылық болуы үшін алдын алу жұмыстарына басымдық беруі тиіс», — деп түйіндеді ПД бастығы Ерлан Омарбеков.
Қазіргі таңда жеке құрам алдында нақты міндеттер тұр: құқықтық тәртіпті нығайту, алдын алу жұмыстарының сапасын арттыру және азаматтардың әрбір өтінішіне жедел ден қою.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1256930?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау