Астана қаласында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері демалыс күндері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 25 мас жүргізушіні анықтады.
Солардың бірі – 36 жастағы елорда тұрғыны. Ол түнгі сағат 01:00 шамасында Қосшығұлұлы көшесімен Серкебаев көшесі бағытына қарай “Volkswagen” автокөлігін басқарған. Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік масаңдық белгілері байқалып, медициналық куәландыруға жіберілді.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік мас күйінде болғаны расталды. Аталған дерек бойынша оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал рәсімделді. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Соттың қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, мас күйінде көлік басқару – жүргізушінің ғана емес, жолдағы өзге де азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық. Осындай жауапсыз әрекеттер ауыр жол-көлік оқиғаларына, адам өлімі мен жарақаттануына себеп болуы мүмкін.
Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда рөлге отырмаңыз. Қажет болған жағдайда қоғамдық көлікті, такси қызметін немесе жүргізуші қызметін пайдаланған жөн.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1257650?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау