ТӨЛЕБАЙТӨБЕ ҚОРЫМЫНАН ҚАҢЛЫ ДӘУІРІНЕ ТӘН СИРЕК ЖЕРЛЕУ КЕШЕНІ ТАБЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

✔️Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауыл округіндегі Төлебайтөбе қорымынан Қаңлы дәуіріне тән бұрын-соңды кездеспеген ерекше жерлеу кешені табылды. Бұл – еліміздің археология ғылымы үшін маңызды жаңалықтардың бірі.
✔️Биылғы жылдың мамыр айында Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Н.П. Подушкин атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы Қараспан ауылдық округіндегі Төлебайтөбе қорымында қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеуге Ордабасы мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының мамандары да қатысты.
✔️Ғалымдар бес обаны зерттеп, оның үшеуінен Қаңлы дәуіріне тән жерлеу орындарын анықтады. Соның ішінде №13 обадан Т-тәрізді катакомба үлгісіндегі сирек кездесетін жерлеу кешені табылды. Жерлеу камерасының едені ірі хум ыдысының сынықтарымен төселіп, оның үстіне ер және әйел адамның сүйектері қойылған.
✔️Мамандардың айтуынша, мұндай жерлеу рәсімі Қаңлы мемлекеті дәуірінде алғаш рет анықталып отыр. Бұл жаңалық сол заман адамдарының дүниетанымы мен жерлеу дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
✔️Қазба барысында саптыаяқтар, қыш ыдыстар, темір жебе ұштары, белдік және аяқ киім тоғалары, тұғырлы тостаған, ғұрыптық мақсатта пайдаланылған болуы мүмкін аспа бұйымдар сияқты құнды жәдігерлер табылды.
✔️Сондай-ақ хум сынықтарынан сақталған мата іздерінің анықталуы Қаңлы дәуірінде тоқымашылық кәсібінің болғанын дәлелдейтін маңызды ғылыми айғаққа айналды.
✔️Табылған адам сүйектері антропологиялық сараптамаға жіберіліп, олардың жасы, жынысы, дене бітімі мен өмір сүру ерекшеліктері жан-жақты зерттелмек.
✔️Төлебайтөбе қорымындағы археологиялық зерттеулер Ордабасы өңірінің бай тарихи мұрасын жаңа деректермен толықтырып, ұлттық археология ғылымының дамуына тың серпін беруде.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1257452?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version