ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ДАМЫТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Еңбекші ауданы – Шымкент қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Бүгінде аудан аумағы 22 800 гектарды құрап, онда 230 504 тұрғын өмір сүреді. Аудан құрамына 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан кіреді.

Соңғы жылдары ауданның инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 97 пайызы ауыз сумен, 99,8 пайызы электр энергиясымен, 97 пайызы табиғи газбен, 41 пайызы кәріз жүйесімен, ал 96,5 пайызы асфальт жолмен қамтылған.

Ауыз сумен қамту бағытында Оңтүстік-Жаңақұрылыс тұрғын алабына су құбыры желісін тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2026 жылғы жоспарға енгізілді. Қазіргі таңда мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталуда.

Табиғи газбен қамту бойынша өткен жылы Жалын, Жұлдыз, Қарабастау-Жаңақұрылыс және Жұлдыз-Жаңақұрылыс аумақтарындағы құрылыс жұмыстары аяқталса, биыл Достық тұрғын алабы мен Қазығұрт станциясы маңын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Электрмен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. 2025 жылы ескірген электр желілері жаңартылып, биыл қосымша желілер мен трансформаторларды ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы электр желілерін жаңарту жобасы аяқталуға жақын.

Жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқын алған. Ауданда жалпы ұзындығы 732,9 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Биыл 29 көшенің тұйықтарына асфальт төсеу жоспарланып, оның басым бөлігі орындалды. Сонымен қатар Базарқақпа мен Тұрдыабат тұрғын алаптарын байланыстыратын Исраилов көшесіне күрделі жөндеу басталып, төрт жолақты заманауи магистраль салынуда.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2026 жылы 30 көшеге жалпы 16 шақырым аяқжол салу жоспарланған. Сонымен бірге су басу қаупін азайту үшін ирригациялық жүйелерді дамыту жұмыстары жалғасып, қауіпті учаскелерде арықтар орнатылып жатыр.

Абаттандыру жұмыстары да ерекше назарда. Биыл аудан аумағында 35 балалар ойын алаңы, 11 спорт алаңы және 6 гүлзар салу жоспарланған. Қазіргі таңда бірнеше нысан пайдалануға беріліп, қалғандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру және жаңа үлгідегі мекенжай тақтайшаларын орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік салада да маңызды жобалар іске асуда. Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, Тоғыс тұрғын алабындағы «Қазығұрт» мәдениет үйі қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңартылатын болады.

Жалпы, Еңбекші ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауданның тұрақты дамуына серпін беруде. Алдағы кезеңде жоспарланған жобалардың толық іске асуы ауданның инженерлік әлеуетін күшейтіп, халыққа қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1258899?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version