2026 ж. 16 шілдеде Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уәлихан Сәрсембековтің Гонконг ғылым және технологиялар университетінің Гуанчжоу филиалының (HKUST(GZ)) өкілдерімен кездесуі өтті. Қытай тарапының делегациясына университет президентінің кеңесшісі профессор Джек Лау жетекшілік етті.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру, басқарушы мамандарды даярлау, жасанды интеллект, инновациялық кәсіпкерлік және академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
У. Сәрсембеков Қазақстанда адами капиталды, цифрлық экономиканы дамыту және жаңа буын мамандарын даярлау мемлекеттік органдар үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, шетелдің жетекші білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекші назар аударылатынын жеткізді.
Бизнес-білім беруді, инновациялық кәсіпкерлікті және жасанды интеллектті ұштастыратын MBA+HKUST(GZ) бағдарламасына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы аталған бағдарламаны қазақстандық мамандар арасында ілгерілетуге және университеттің шәкіртақылық бастамаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға қызығушылық танытты.
Джек Лау білікті мамандарды даярлау, цифрлық трансформация, «ақылды қалалар» технологиялары және инновациялық даму салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындары және ұйымдарымен байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру, ғылым және технологиялар салаларындағы серіктестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Анықтама: Гонконг ғылым және технологиялар университеті (Гуанчжоу) (Hong Kong University of Science and Technology (Guangzhou), HKUST(GZ)) – 1991 жылы құрылған және ғылым, технологиялар, бизнес пен инновациялар саласындағы Азияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып саналатын Гонконг ғылым және технологиялар университетінің (HKUST) экожүйесінің құрамдас бөлігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-guangzhou/press/news/details/1259287?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау