Павлодар облысының полициясы жабайы қарасора өсетін ошақтарды жою туралы 100-ден астам нұсқама берді. Нәтижесінде талаптарды орындамаған 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары аулаларды аралау барысында жабайы қарасораны жою шараларын қабылдамаудың екі дерегін анықтады.
– Аққулы ауданында ауыл тұрғынының үй іргесіндегі аумақта жабайы қарасора өскені анықталды. Бұған дейін оған өсімдікті жою туралы нұсқама берілгенімен, талап орындалмаған. Ал Тереңкөл ауданында полицейлер тұрғынның үй маңындағы жер учаскесінен жабайы қарасораның өскенін анықтады. Ер адам қарасораның өздігінен өскенін айтқанымен, учаскелік полиция инспекторы берген нұсқаманы орындамаған, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінде.
Полиция ҚРӘҚБ туралы кодексінің 420-бабына сәйкес, уәкілетті органның ресми нұсқамасын алғаннан кейін жер иесі немесе жер пайдаланушы жабайы қарасораны жою шараларын қабылдамаса, оған 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатынын еске салды.
Құрамында есірткі заты бар жабайы өсімдіктерді жою міндеті олардың өскені анықталған жер учаскесінің меншік иесіне жүктеледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1259392?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау