2026 жылғы 16 шілдеде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Облыстық үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Елдар Сапаров, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтық қоғам институттарының мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен тиімді әріптестікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік-экономикалық даму, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды рөл атқарып келеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Елдар Сапаров сөз сөйлеп, орталықтың негізгі қызмет бағыттары, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау тетіктері және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы баяндады. Ол азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыруға, өңірлік бастамаларды қолдауға және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктерін жетілдіруге бағытталған жұмыстармен бөлісті.
Күн тәртібінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту және әлеуметтік маңызы бар міндеттерді жүзеге асыру мәселелері қаралды. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ләззат Қызылқұлова, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков баяндама жасады.
Сонымен қатар, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекова мен «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Дастан Исламбек азаматтық қоғамды дамыту, мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Кеңес соңында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының тапсырысы аясында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «Jambyl Civil Hub» жобасы шеңберіндегі шағын гранттар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жоба өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған.
«Jambyl Civil Hub» жобасы бойынша шағын гранттар конкурсының жеңімпаздары:
- «Zhas Qorgau – Taraz» жобасы – Айнұр Заурбекова, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі.
- «Тұмар – ана алақанының жылуы» жобасы – Гүлнәр Абдуллаева, «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнершілер ассоциациясы.
- «Жанұя» жобасы – Сухраб Шаюсупов, «Кәусар-Тараз» қоғамдық қоры.
- «Белсенді қауым – Берекелі ауыл» жобасы – Шырынкүл Қапарова, «Нұрбата-Ардагер» қоғамдық бірлестігі.
- «Мәдени мұра» жобасы – Дархан Байпақ, «Тараз студенттер Альянсы» корпоративтік қоры.
Облыстық кеңес отырысы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және өңірдегі қоғамдық бастамаларды қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1259400?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау