АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫ – БАРШАҒА ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов Сайқын ауылының абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының жай-күйіне мониторинг жүргізді.

Бақылау барысында аудан басшысы шағын саябақтар мен жасыл аймақтарды аралап, олардың күтіміне ерекше назар аударды. Мониторинг нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, Сайқын ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Абдоллинге оларды жедел түрде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

– Бүгінде тас жол бойындағы шағын бақтар мен саябақтардың барлығы қоршауға алынған. Алайда қоршау орнатумен ғана жұмыс аяқталмайды. Бір жерде арамшөп қаптап кеткен, енді бір жерде егілген теректер қурап тұр. Әрбір отырғызылған көшет пен абаттандырылған аумақ тұрақты күтімді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет, – деді аудан басшысы.

Бақылау барысында көше тазалығының да талапқа сай еместігі сынға алынды. Кейбір тұрғын үйлердің маңында құрылыс қалдықтары мен мал азығының қалдықтары жинақталып қалғаны атап өтілді. Осыған байланысты округ әкімі мен учаскелік полиция инспекторына тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алу тапсырылды.

– Ауылдың тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әрбір тұрғын өз ауласы мен оған іргелес аумақтың тазалығына жанашырлықпен қарауы қажет. Тазалық – мәдениеттің, тәртіптің және туған жерге деген құрметтің айқын көрінісі. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды, – деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

Мониторинг қорытындысында аудан басшысы санитарлық талаптарды орындамайтын тұрғындарға алдымен ескерту жасап, заң талаптары сақталмаған жағдайда әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bokeyorda/press/news/details/1260093?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version