Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық білім басқармасымен бірлесіп Сауран ауданында орналасқан “Балауса” балалар сауықтыру лагерінде “Есірткісіз болашақ” профилактикалық акциясын өткізді.
350 оқушыны қамтыған акцияның мақсаты-кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткіні қолдануға теріс көзқарасты қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесу барысында полицейлер мен Түркістан облысы ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі Кеңестің мүшесі Озипа Алтаева жасөспірімдерге есірткі және психоактивті заттардың адам ағзасына теріс әсері туралы айтып, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін заңнама талаптары мен қылмыстық жауапкершілік шараларын түсіндірді.
Қатысушыларға 16 жасқа толған адамдар есірткі заттарын сақтағаны, тасымалдағаны және таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігі ескертілді.
Өз кезегінде оқушыларға граффити арқылы есірткі заттарын жарнамалау, сондай-ақ Интернет желісінде есірткі сайттарының мекен-жайларын тарату үшін заңнамада бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді.
Акция соңында оқушылар мамандардан өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алып, ал ең белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1260094?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау