Маңғыстау облысында қабылдау науқанының кезекті кезеңі басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына қабылдау науқаны аясында талапкерлердің дене даярлығы нормативтерін тапсыру кезеңі басталды. Биыл қабылдау науқаны алғаш рет Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы толықтай цифрлық форматта өткізілуде.

Жаңа жүйе 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Биыл дене даярлығы нормативтерін тапсыруға 126 талапкер қатысуда.

Барлық сынақтар міндетті түрде бейнетүсіріліммен және тікелей көрсетілім арқылы өткізіледі. Сонымен қатар талапкерлердің ата-аналары сынақ барысын өз көздерімен бақылауға мүмкіндік алды. Бұл конкурстық іріктеудің ашықтығын, айқындығын және әділдігін қамтамасыз етеді.

Маңғыстау облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Серік Молбаевтың айтуынша, цифрландырудың басты мақсаты – оқуға қабылдау процесін талапкерлер үшін барынша ашық, әділ әрі қолайлы ету.

Қабылдаудың алғашқы кезеңінде талапкерлер құжаттарын Qyzmet-Police.kz ақпараттық жүйесі арқылы тапсырды. Сондай-ақ әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындылары да осы жүйеде көрсетілді. Цифрлық формат қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, түрлі мекемелерге бару қажеттілігін және артық байланыстарды азайтты.

Келесі кезең – талапкерлердің тұрғылықты жері бойынша өткізілетін дене даярлығы нормативтерін тапсыру. Сынақтар аяқталғаннан кейін талапкерлердің материалдары ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына жолданады. Онда ҰБТ нәтижелері, заңнамада көзделген жеңілдіктер және ұсынылған құжаттар қаралып, қабылдау туралы шешім тек конкурстық көрсеткіштер негізінде қабылданады.

Маңғыстау облысы полиция департаментінде атап өткендей, қабылдау науқанының барлық негізгі кезеңдері цифрлық жүйеде тіркеліп, талапкерлердің жеке кабинеттерінде көрсетіледі. Бұл іріктеу процесінің әр кезеңінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1260075?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version