«Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында өткен «Витебск-2026» ХХІІІ халықаралық балалар музыкалық байқауында қазақстандық жас вокалист, «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Түзелова екінші орыннан көрінді.
Биылғы дүбірлі додада әлемнің 19 елінен келген жас орындаушылар өзара бақ сынасты. Екі күндік тартысты кезеңнің қорытындысы бойынша Жасмина ең үздіктердің қатарынан табылып, беделді музыкалық аренада Қазақстанның намысын лайықты қорғап шықты.
Байқаудың алғашқы кезеңінде ол қазақтың халық әні «Сарыарқаны» шырқап, қазылар алқасынан ең жоғары ұпайлардың бірін еншіледі. Ал екінші конкурстық күнде жас өнерпаз «Ромашка-Василек» композициясын орындады. Сөйтіп, екі күннің қорытындысы бойынша 126 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді.
– Біз Жасминаны мақтан тұтамыз. Бұл марапаттың артында жылдар бойғы қажырлы еңбек, күнделікті дайындық пен музыкаға деген шексіз махаббат тұр. Жасминаға қолдау көрсетіп, сенім артқан барша жанға алғысымыз шексіз, – деді жас әншінің анасы, кәсіби музыкант Гүлзия Өтеева.
Жасмина Түзелова жас болса да, ән сүйер қауымға кеңінен танымал. Ол ұлттық «Бала дауысы» байқауының гран-при иегері, «Central Asia’s Got Talent» халықаралық жобасының жартылай финалисі, «Қазақстан дауысы. Балалар» шоуының суперфиналисі, «Балалар жаңа толқыны» фестивалінің финалисі және Ресейдің «Голос. Дети» тележобасының жүлдегері.
Сондай-ақ жас вокалист 2025 жылы Мәскеуде өткен «Спасск мұнарасы»халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» әнін нақышына келтіре орындап, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын.
Жасмина Түзелованың бұл жеңісі – отандық жас таланттардың дайындық деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстанның халықаралық музыка айдынындағы кезекті жарқын жетістігі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1260080?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау