Алматының Медеу ауданында Достық даңғылынан Назарбаев даңғылына дейінгі Жамбыл көшесінде, сондай-ақ Төле би көшесінде көгалдандыру және заманауи автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталды. Жобалардың жүзеге асырылуы туралы аудан әкімдігі өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында айтты.
Аталған аумақтарда сорғы станциялары орнатылып, 14 шақырымнан астам автоматты суару желісі тартылды. Жаңа жүйе жасыл желектерді уақытылы әрі біркелкі суаруға мүмкіндік беріп, оларды күтіп ұстау тиімділігін арттырады және су ресурсын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді.
«”Халық қатысатын бюджет” бағдарламасы аясында автоматты суару жүйелерін орнату және көгалдандыру жобалары аяқталды. Жаңа суару желілерінің жалпы ұзындығы 14 шақырымнан асты. Биыл бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан 30 жобаның 10-ы көгалдандыру мен автоматты суару жүйелерін орнатуға бағытталған. Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың бастамасымен жүзеге асырылып, нысандарды іріктеу мен жобалық ұсыныстарды әзірлеу үдерісіне тұрғындардың өзі белсенді қатысты», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Кәкетаев.
Оның айтуынша, автоматты суару жүйесін енгізу ағаш, бұта мен көгалдардың жай-күйін жақсартып, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1260807?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау