Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Байланыс желілерін кеңейту, 5G технологиясын енгізу және өңірлік сараптамалық платформаны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндады.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының 274 елді мекені мобильді интернетпен қамтылған. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдары интернет желісіне қосылды. Бұдан бөлек, былтыр OneWeb спутниктік жүйесі арқылы 24 шалғай ауыл интернетпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын интернетпен қамту деңгейі 98,8 пайызға жетті. Жыл соңына дейін тағы сегіз елді мекен қосылса, көрсеткіш 99,6 пайызға дейін артпақ.
Аймақта бесінші буын мобильді байланыс желісі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Бүгінде 5G байланысы Ақтөбе қаласымен қатар облыстың тағы жеті елді мекенінде қолжетімді. Жалпы өңір аумағында 106 базалық станса жұмыс істейді. Оның 93-і – облыс орталығында.
2026 жылдың соңына дейін Ақтөбе қаласында тағы алты, Шалқар қаласында бір базалық стансаны іске қосу жоспарланған. Бұл 5G желісінің қамту аумағын кеңейтіп, тағы бір аудан орталығын заманауи байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары облыстың 172 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Сонымен қатар тағы 38 ауыл спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Мәртөк – Жайсаң учаскесінде және Қобда ауданында құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автожолдар бойында байланыс сапасын жақсарту мақсатында 17 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Инвесторлар барлық нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы сатып алып, құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізуде. Құрылыс 1 тамызда басталады.
Жиын барысында өңірлік сараптамалық платформаның мүмкіндіктері де таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйеде мемлекеттік сатып алу, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, экология, жылжымайтын мүлік және индустриялық аймақтарды қамтитын он цифрлық кейс іске асырылған.
Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулар панелі нақты уақыт режімінде бюджет қаражатының қандай бөлігі облыста қалып жатқанын, жеткізушілер қанша жұмыс орнын ашқанын және бюджетке қанша көлемде салық түскенін бақылауға септігін тигізеді. Әлеуметтік блок әлеуметтік ахуалды жан-жақты талдап, қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтауға көмектеседі.
Индустриялық аймақтардың цифрлық картасында кәсіпорындар, ондағы қызметкерлер саны, төленген салық көлемі және ықтимал тәуекелдер көрсетіледі. Жасанды интеллект әрбір бағыт бойынша автоматты түрде сараптамалық қорытынды жасайды.
Отырыста сондай-ақ «Жібек» атты жасанды интеллект аватарының мүмкіндіктері таныстырылды. Қазіргі таңда ол «е-Өтініш», Бірыңғай байланыс орталығы 109, Отбасының цифрлық картасы және «Таза Қазақстан» жүйелерімен интеграцияланған. Пайдаланушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жедел әрі түсінікті жауап ала алады.
Тақырыпты қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформацияны мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті.
«Цифрлық инфрақұрылым – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сапалы интернет білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, инвестиция тарту және мемлекеттік қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейтуіміз қажет», – деді өңір басшысы.
Асхат Шахаров цифрлық технологиялар басқармасына байланыс операторларымен бірлесіп, ауылдық елді мекендер мен барлық әлеуметтік маңызы бар нысандя жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар байланыс сапасына тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету қажеттігін алға тартты.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының цифрлық сауаттылығын арттыру, бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін оқыту жұмыстарын күшейту міндеті қойылды.
Президент тапсырмасына сәйкес адами капиталды дамыту – цифрлық экономиканы қалыптастырудың басты шарты болып қала береді.
Бұдан бөлек, өңір басшысы Smart City және Smart Region жобаларын кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология салаларында заманауи цифрлық технологияларды белсенді пайдалануды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1260753?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау