Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева China Eastern Airlines әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі Аға вице-президенті Чэнь Цзинь мырзамен кездесу өткізді.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Астана – Шанхай бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі болды. Әуе компаниясының өкілдері аталған бағытқа жоғары коммерциялық қызығушылық танытып отырғанын растап, қажетті дайындық жұмыстарын аяқтағаннан кейін биылғы күзден бастап рейстерді іске қосуға дайын екендерін мәлімдеді. Бастапқы кезеңде рейстер аптасына үш рет орындалып, кейіннен олардың жиілігін күнделікті рейске дейін арттыру жоспарлануда.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы бағыттар желісін одан әрі кеңейту перспективаларын да талқылады. Әуе компаниясының басшылығы Қазақстанға орындалатын рейстер санын көбейтуге, сондай-ақ қазақстандық әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын дамыту жөніндегі уағдаластықтарды іске асырудағы кезекті маңызды қадам болмақ. Екі елдің іскерлік және саяси орталықтарын тікелей әуе қатынасымен байланыстыру туристік, іскерлік және инвестициялық байланыстардың одан әрі нығаюына, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
Анықтама:
China Eastern Airlines – Қытайдың үш ірі мемлекеттік әуе компаниясының бірі және елдегі көлемі жағынан екінші ірі әуе тасымалдаушы. Компанияның штаб-пәтері Шанхай қаласында орналасқан.
Әуе компаниясының паркі 834 әуе кемесінен тұрады. 2025 жылы China Eastern Airlines 150 миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Компания Шанхайдың екі әуежайынан тәулігіне шамамен 550 рейс орындайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1260702?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау