Түркістан қаласында өткен дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданы биіктен көрініп, II орын иеленді. Бұл жетістік ауданның мәдениет пен өнер саласындағы жүйелі жұмысының, өнерпаздардың шығармашылық ізденісі мен мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі болды.
Облыстық деңгейдегі айтулы мәдени шара биыл да сәуір–маусым айлары аралығында ұйымдастырылып, Түркістан облысының барлық аудан-қалаларын бір арнаға тоғыстырды. Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық өнерді, салт-дәстүрді, мәдени мұраны, әдебиетті және рухани құндылықтарды дәріптеу, өңірлердің шығармашылық әлеуетін таныту, сондай-ақ халық өнерін кеңінен насихаттау.
Фестиваль аясында әрбір аудан мен қала өздерінің мәдени ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын, өнер ұжымдарының шығармашылық мүмкіндіктерін кең көлемде таныстырды. Көрермен назарына театрландырылған қойылымдар, вокалдық және хореографиялық композициялар, ұлттық салт-дәстүр көріністері, халықтық және заманауи өнер үлгілері ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнер көрмелері ұйымдастырылып, өңірлердің тарихи-мәдени ерекшеліктері кеңінен дәріптелді.
Мақтаарал ауданы фестиваль барысында мазмұны мен көркемдік деңгейі жоғары концерттік бағдарламасын ұсынып, ұлттық өнер мен мәдениеттің сабақтастығын айшықтай білді. Аудан өнерпаздары орындаушылық шеберлігімен, сахналық мәдениетімен және шығармашылық ізденісімен көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Айта кету керек, төрт жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде Мақтаарал ауданы жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келеді. Бұл аудан мәдениетінің тұрақты дамып келе жатқанын, өнер ұжымдарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және мәдениет саласына көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді.
Аталған жетістік – аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары мен қызметкерлері, мектептердің өнерлі ұстаздары мен оқушылары, халықтық ансамбльдер және өнер жанашырларының ортақ еңбегінің жемісі. Олардың ұлттық өнерді дамыту жолындағы табанды еңбегі өңірдің мәдени беделін облыс көлемінде арттыруға зор үлес қосып келеді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1260227?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау