ТУҒАН ЖЕРДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН ТҰЛҒА.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Өзденбаев Дәулет Байтуғанұлы – Шардара ауданының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат.
Дәулет Байтуғанұлы еңбек жолын 1972 жылы Шардара қаласында аудандық жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің дүкен меңгерушісі болып бастаған. Кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтын «экономист-ұйымдастырушы» мамандығы бойынша тәмамдап, сауда саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті.
1997 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, Шардара қаласының орталық базарындағы дүкенді жекешелендірді. Кәсібін кеңейте отырып, өз қаражаты есебінен бірнеше заманауи сауда орталығын салып, ондаған жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды. Оның кәсіпкерлік қызметі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Дәулет Байтуғанұлы қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық істерге де белсенді араласып келеді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға тұрақты қолдау көрсетіп, ауданның қоғамдық өміріне өз үлесін қосып келеді.
Ел игілігі жолындағы адал еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін», «Сауап» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен және басқа да мемлекеттік әрі қоғамдық марапаттармен наградталған. Оның есімі Шардара өңірінің дамуына үлес қосқан абыройлы азаматтардың қатарында аталады.
Дәулет Байтуғанұлының өмір жолы – еңбекқорлықтың, іскерліктің, адалдық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Ол кәсіпкерлікті тек табыс көзі ретінде емес, елге қызмет етудің, халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі деп түсініп, осы ұстанымнан ешқашан айныған емес. Оның бастамалары мен игі істері туған өлкесінің өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып келеді.
Өңірдің әлеуметтік дамуына, қайырымдылық мәдениетінің қалыптасуына және жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыруға қосқан үлесі ерекше. Өзінің өмірлік тәжірибесімен, азаматтық ұстанымымен және қарапайым болмысымен көпшілікке өнеге болып жүрген абзал азаматтың еңбегі әрдайым ел құрметіне лайық.
Дәулет Байтуғанұлы – туған жерінің гүлденуіне бар күш-жігерін арнаған, елдің бірлігі мен берекесін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның өнегелі өмірі мен еңбегі кейінгі ұрпаққа еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі болып қала береді. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі мен елге деген жанашырлығының арқасында Шардара өңірі қарқынды дамып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1262165?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version