Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың тапсырмасына сәйкес, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сауықтыру орталықтарының жұмысын зерделеу мақсатында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында орталықтың балаларды қабылдау және шығарып салуға дайындығы, күнделікті жұмыс тәртібі, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы, тамақтандыру сапасы, медициналық қызмет көрсету деңгейі және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіздік шаралары жан-жақты зерделенді.
Қазіргі таңда орталықтың бесінші ауысымында 200 бала демалуда. Олар 2026 жылғы 24 шілдеде жазғы сауықтыру бағдарламасын аяқтайды. Жалпы биыл орталықта бес ауысым ұйымдастырылып, мыңнан астам баланың жазғы демалысын тиімді өткізуге және жан-жақты дамуына жағдай жасалды.
Іссапар барысында аудан әкімінің орынбасары балалармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың демалысқа қатысты пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ, тәрбиеленушілердің шығармашылық жұмыстары, қолөнер бұйымдары, сурет көрмелері және түрлі үйірмелерде қол жеткізген жетістіктерімен танысты. Орталықта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған мәдени-танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралардың жүйелі түрде өткізіліп жатқаны атап өтілді.
Бижан Шералыұлы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, жатын орындардың талапқа сәйкестігі, тазалығы мен жайлылығы, тәулік бойғы күзет пен бейнебақылау жүйесінің жұмысы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы, ауызсудың сапасы, санитариялық тазалық және медициналық қызметтің қолжетімділігі тексерілді. Сонымен қатар, асхананың жұмысы да жан-жақты зерделенді.
Балаларға ұсынылатын күнделікті ас мәзірінің талаптарға сәйкестігі, тағамдардың сапасы мен құнарлылығы, азық-түліктің сақталу жағдайы және санитариялық нормалардың орындалуы қаралды. Медициналық пункттің дайындығы, алғашқы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі және балалардың денсаулығына тұрақты бақылау жүргізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Мониторинг қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау және сапалы демалысын ұйымдастыру жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ, орталық ұжымына қолданыстағы талаптарды қатаң сақтау, балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстар беріп, тиісті тапсырмалар жүктеді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1262736?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау