Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемесінде «Бас бостандығынан айыру орындарындағы экстремизмнің алдын алу: көптен күткен бостандықтың орнына жаңа қылмыстық жазаға қалай тап болмауға болады» тақырыбында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – сотталғандарға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын түсіндіру, экстремистік идеологияның таралуына жол бермеу және радикалды көзқарастарға қарсы тұрақты құқықтық ұстаным қалыптастыру.
Кездесуге Маңғыстау облысының Дін істері басқармасының қызметкері Айгүл Қуатова, Маңғыстау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айбек Өтесінов, «Ақниет» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының теологы Асыланбек Тыныштық және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, имам Юнес Асге қатысты.
Кездесуді ашқан мекеме бастығы, әділет майоры Ғалибек Төлепберген экстремизм мен терроризмнің алдын алу сотталғандар арасында жүргізілетін тәрбиелік жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Әрбір сотталған адам экстремистік идеологияны насихаттау, өзге адамдарды заңсыз әрекеттерге тарту, тыйым салынған материалдарды сақтау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсінуі тиіс. Көптен күткен бостандықтың орнына мұндай әрекеттер жаңа қылмыстық істің қозғалуына және қосымша жаза мерзімінің тағайындалуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бүгіннен бастап дұрыс таңдау жасап, заң талаптарын сақтап, жазаны өтеу уақытын түзелуге және қоғамға қайта бейімделуге дайындық ретінде пайдалану маңызды, – деді Ғалибек Төлепберген.
Кездесу барысында мамандар сотталғандарға экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы қолданыстағы заңнаманың талаптарын жан-жақты түсіндіріп, деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың адамдарды өз қатарына тарту тәсілдері және мұндай заңсыз әрекеттердің салдары туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау, интернет пен өзге де ақпарат көздерінен алынатын мәліметтерге сын көзбен қарау, жазаны өтеу кезеңінде де, бостандыққа шыққаннан кейін де заң талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар сотталғандарды радикалды идеялардың ықпалына ермеуге, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға және түзеліп, қоғамға сәтті қайта бейімделу үшін берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Кездесу соңында сотталғандар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Осындай профилактикалық іс-шаралар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде экстремистік идеологияның таралуына тосқауыл қоюға және сотталғандардың заңға, сондай-ақ жалпыға ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарға құрметпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duis-mangystau/press/news/details/1262608?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау