INVEST-CARAVAN республикалық акциясы аясында Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев Саран қаласында инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан инвесторлармен кездесу өткізді.
Өңірдің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен Саран қаласында республикалық маңызы бар «Saran» индустриялық аймағы құрылды. Бүгінде оның аумағында жалпы құны 330 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында дөңгелек шығаратын зауыт пен автобус өндіретін кәсіпорын бар. Алдағы жылдары жалпы құны 130,5 млрд теңге болатын тағы төрт жобаны кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған.
Жұмыс сапары барысында облыс прокуроры «Tengri Tyres» ЖШС, «Karaganda Insulation» ЖШС, «QazTehna» ЖШС, «Saran Machinery» ЖШС және «Silk Road Electronics» ЖШС кәсіпорындарын аралап, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен және оларды сүйемелдеу жұмыстарының жай-күйімен танысты.
Кездесуде бизнес өкілдерімен ашық диалогқа ерекше көңіл бөлінді. Инвесторлар облыс прокурорына өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарды тікелей жеткізді. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, рұқсат беру құжаттарын алу және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
Әрбір көтерілген мәселе бойынша облыс прокуроры нақты тапсырмалар беріп, барлық өтініш прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдау үшін бақылауға алынды.
Сонымен қатар, кездесуде инвесторлардың құқығын қорғаудың қолданыстағы тетіктері және құқық бұзушылықтардың алдын алуға әрі туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу шаралары түсіндірілді.
INVEST-CARAVAN акциясы мемлекет пен бизнес арасында тікелей диалог орнатуға, әкімшілік кедергілерді дер кезінде анықтауға және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері инвестиция көлемі 262,5 млрд теңгені құрайтын және 2 351 жұмыс орнын ашуды көздейтін инвесторлардың 22 проблемалық мәселесі шешімін тапты.
Қадағалау актілерін қарау нәтижесінде мемлекеттік органдар мен соттардың 5 заңсыз тексеруі мен қаулысының күші жойылды. Инвесторлардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 15 лауазымды тұлға, оның ішінде облыстық басқармалардың 3 басшысы жауапкершілікке тартылды.
Прокурорлық «сүзгі» арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 513 шешімі қаралды.
44 шешімді (тексерулер жүргізу, әкімшілік жауаптылыққа тарту, қызметін тоқтата тұру) келісуден бас тартылып, инвесторларға 20 млн теңге көлемінде заңсыз айыппұл салудың жолы кесілді.
Инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жалғасуда және Қарағанды облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Қарағанды облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (701) 544-08-59 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Қарағанды облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-karagandy/press/news/details/1262813?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау