Жамбыл облысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламаларын іске асыруға 8,7 млрд теңге қарастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінде 46 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 7 мыңға жуығы – балалар.
Бөлінген қаражат мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен, кресло-арбалармен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастыруға бағытталған.
Өңірде қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін әлеуметтік инфрақұрылымның 136 нысанын бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 36 нысанда жұмыстар толық аяқталып, 60 нысанда жалғасуда. Сонымен қатар, облыстағы 1519 нысан Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген.
Бүгінде басқармаға қарасты 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Стационарлық орталықтарда 1226 жалғызбасты қарт пен мүгедектігі бар азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілсе, оңалту және әлеуметтік бейімдеу орталықтарында 862 адам қызмет алуда. Күндізгі болу орталықтары арқылы 1700-ден астам адам қамтылған, ал екі мыңға жуық тұрғынға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту жалғасуда. «Социум» ақпараттық жүйесі арқылы жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізіліп, Тараз қаласы мен Байзақ, Сарысу және Шу аудандарында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары ашылды. Қазіргі таңда әлеуметтік қызметтерді қаржыландырудың жаңа жүйесіне толық көшу жұмыстары аяқталу кезеңінде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1262566?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау