Бүгін аудан әкімінің өкімімен арнайы құрылған жұмысшы топ аудан аумағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерді аралап, нысандардағы жұмыстың барысын зерделеді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев Қ. Бектаев атындағы мектепке арнайы барып, мұндағы жөндеу жұмыстарының орындалу барысын тексерді.
Биыл аудан бойынша 6 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қ. Бектаев, Б. Оңтаев, Ө. Тұрманжанов, «Қызылжар», «Жусансай» және Ө. Молдағұлова атындағы жалпы орта мектептерінің шатырларын ауыстыру, жылу жүйелерін жаңарту, жаңа трансформатор орнату, ішкі санитарлық тораптарын жаңарту, ғимараттардың сыртын қаптау және еден жабындыларын жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Бірқатар мектептерде сыртқы қаптау жұмыстары толық аяқталған. Ал кейбір нысандарда ішкі санитарлық тораптардың кафельдері жаңартылып, сантехникалық жабдықтар ауыстырылуда.
Аудан әкімі Азат Оралбаев мектептердегі жөндеу жұмыстарының қарқынын сынға алып, жаңа оқу жылына санаулы ғана уақыт қалғанын ескертті. Жауапты тұлғалар мен мердігерлерге жұмысты дереу жандандырып, қалған жұмыстарды белгіленген мерзімге дейін толық әрі сапалы аяқтау жөнінде қатаң тапсырма берілді.
«Уақыт күтпейді. Оқу жылы басталғанға дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс. Жауапты әрбір мердігер өзіне алған міндеттемені соңына дейін жеткізуі керек. Жұмысты созу да, сапасыз орындау да қабылданбайды», – деп аудан әкімі жауаптыларға нақты тапсырма берді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1262191?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау