СҚО-да полицейлер тұрғындарға қауіпсіздік мәселелерін аулаларда шешуге көмектесуде.
20 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстан облысында “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру аясында “Ауладағы қабылдау” республикалық акциясы өтуде. Оның мақсаты – азаматтардың өтініштерін қабылдау, құқықтық кеңес беру, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Кезекті қабылдау Петропавл қаласының орталық бөлігіндегі халық тығыз орналасқан ықшамауданда, Чайковский көшесі, 13 мекенжайындағы тұрғын үй ауласында ұйымдастырылды. Бұған дейін осындай кездесу Жуков көшесі, 9 мекенжайында өткен болатын.
Қабылдауды Петропавл қаласы полиция басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері, оның ішінде басқарма бастығының орынбасары Құрман Мусин жүргізді. Тұрғындарға кибералаяқтықтың алдын алу, Жол қозғалысы қағидаларын сақтау, қаруды сақтау талаптары және отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың профилактикасы сияқты түрлі мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар ақпараттық жадынамалар таратылып, ниет білдірген азаматтарға eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту қызметін қосуға көмек көрсетілді.
Акция өтетін орындар жедел ахуал мен тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып айқындалады. Алдағы кездесулер туралы учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарды алдын ала мессенджерлердегі чаттар арқылы хабардар етеді.
Іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар депутаттар, қоғам өкілдері мен белсенділер де қатысуда. Аумақтық полиция бөлімдерінде азаматтарды бірінші басшылар қабылдайды. Акция басталғалы оған бірнеше мың солтүстікқазақстандық қатысты.
Бүгінгі күнге дейін 55 өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 3-еуі – учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жетілдіруге, 13-і – көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, 14-і – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, 15-і – жол қозғалысы қауіпсіздігіне және 10-ы – ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастыруға қатысты. Дәстүрлі түрде тұрғындарды, әсіресе жалдамалы пәтерлердегі түнгі уақытта тыныштықты бұзу мәселесі алаңдатады.
Барлық тіркелген мәселелер бақылауға алынды. Олардың бір бөлігі оқиға орнында шешілсе, қалғандары жұмыс тәртібімен қаралады. Полиция жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Акция 26 шілдеге дейін жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1262602?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау