Прага, 2026 жылғы 23 шілде – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың Чех Республикасының Көлік министрі Иван Беднарикпен кездесуі барысында көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жан-жақты талқыланды.
Тараптар Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабиштің Қазақстанға жуырда жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Аталған сапар барысында көлік және логистика Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған болатын.
Кездесуде теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттер ретінде Қазақстан мен Чехия үшін көлік байланысын дамыту орнықты экономикалық өсудің маңызды факторларының бірі екені атап өтілді. Сонымен қатар халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы артып келе жатқанына назар аударылды. Осыған байланысты қазақстандық тарап Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды негізде тасымалдауды жүзеге асырып жүрген азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалып жатқан шабуылдарды қатаң айыптады. Тараптар халықаралық көлік бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік саласы қызметкерлерін қорғау халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті екені жөнінде ортақ пікір білдірді.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) дамыту мәселесі болды. Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды құрлықтық көлік бағыттарының біріне айналып келе жатқан бұл дәліздің стратегиялық маңызы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындыларында да көрініс тапқаны атап өтілді.
Тараптар көлік инфрақұрылымын дамыту, логистикалық процестерді цифрландыру, теміржол желісін жаңғырту және Каспий теңізі порттарының өткізу қабілетін ұлғайту халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, чех және еуропалық компаниялардың инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға кеңінен қатысуына қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті.
Қ. Әбдірахманов чех тарапын Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституциясына сәйкес 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық барысы туралы хабардар етті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, олардың заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және көлік-логистика саласының ел экономикасының орнықты өсімін қамтамасыз ететін негізгі қозғаушы күштердің бірі ретінде дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын жеткізді.
Осы тұрғыда Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөнінде қабылдап жатқан шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, кедендік, көлік-логистикалық және коммерциялық сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны құруды көздейтін Smart Cargo жобасын іске асыру перспективалары сөз болды.
Кездесу барысында мультимодальды тасымалдарды дамыту, заманауи логистикалық орталықтар құру, көлік техникасы өндірісін жергіліктендіру және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де қарастырылды.
Өз кезегінде Чехияның Көлік министрі Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудағы маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, чех компанияларының инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларға қатысу әлеуетіне жоғары баға берді. Сонымен қатар И. Беднарик ағымдағы жылдың қазан айында кәсіпкерлер мен ғылыми қауымдастық өкілдерінен құралған делегацияны бастап Қазақстанға сапар жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Қазақстан тарапының бастамасымен халықаралық ұйымдар аясындағы екі елдің өзара іс-қимыл мәселелері де сындарлы түрде талқыланды.
Тараптар сондай-ақ көлік саласына кадрлар даярлау және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Осы ретте екі елдің бейінді жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйелері, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы озық технологиялармен алмасуға мол мүмкіндік бар екені қанағаттанушылықпен атап өтілді.
Іскерлік әрі достық ахуалда өткен кездесудің қорытындысында тараптар көлік және логистика саласындағы қазақ-чех серіктестігін одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады. Сондай-ақ өзара сауданы, инвестициялық ынтымақтастықты және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын дамытуға ықпал ететін нақты жобаларды бірлесіп іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1263256?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау