«Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен сабақтас нысандар» Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Номинацияны әзірлеу және ұсыну жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілді. Президент Маңғыстаудың бірегей табиғи келбеті мен тарихи-мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуды және өңірдегі жерасты мешіттерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмысын бастауды тапсырған болатын.

Сериялық нысан құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата атты бес киелі кешен енді.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитеті нысанның (ii) және (iii) критерийлер бойынша айрықша әмбебап құндылығын мойындады. Комитет Маңғыстауда сопылық дәстүр мен көшпелі мәдениеттің сан ғасырлық сабақтастығы нәтижесінде қалыптасқан бірегей киелі кеңістіктің әлемдік мәдени мұра үшін маңызын атап өтті.

Әрбір кешеннің құрамына жерасты мешіттері, қорымдар, сопылық ілім өкілдерінің кесенелері мен жерлеу орындары, зиярат жолдары, киелі құдықтар және діни мәні бар өзге де нысандар кіреді. Бұл орындар ғасырлар бойы үзілмеген рухани дәстүрдің сақталуына ықпал етіп, бүгінге дейін зиярат етушілердің маңызды орталығы ретінде маңызын жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар киелі орындарды күтіп-баптап, олардың сабақтастығын жалғап келе жатқан шырақшылық дәстүрі де сақталған.

Бес кешеннің барлығы мемлекет қорғауында және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Оларды ұзақ мерзімге сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 2027-2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта ескерткіштерді сақтау, киелі тарихи-мәдени кеңістікті қорғау, келушілер ағынын тиімді ұйымдастыру, ықтимал қатерлердің алдын алу және ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері қамтылған.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1263653?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version