Жараш, 2026 жылғы 23 шілде – Иордан Хашимит Корольдігінде мерейтойлық 40-шы халықаралық Жараш мәдениет және өнер фестивалі аясында Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің концерті өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінің, Иордания Мәдениет министрлігінің және Жараш фестивалі дирекциясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Концерт Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі – Жараш қаласындағы Hippodrome Theatre сахнасында өтті. Бұл алаң жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген танымал орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың басын қосады. Қазақстандық өнерпаздар Иордания жұртшылығына қазақ халқының бай музыкалық және хореографиялық мұрасын таныстырып, Ұлы даланың сан ғасырлық дәстүрлерін бейнелейтін дәстүрлі музыкалық шығармаларды, аспаптық композициялар мен ұлттық билерді орындады.
Концерттік бағдарлама басталар алдында Қазақстанның Иорданиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Шалданбай құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның ресми құттықтауын оқып берді. Құттықтауда Жараш фестивалінің халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға және өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін беделді халықаралық алаң ретіндегі маңызды рөлі атап өтіліп, «Арқа сазы» мен «Аққу» ансамбльдерінің қатысуы Қазақстан мен Иордания арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға серпін беретіндігіне назар аударылды. Сонымен қатар, Фестивальдің барлық қатысушылары мен қонақтарына табыс, жарқын әсерлер және жаңа шығармашылық жетістіктерге жетуіне ізгі тілектер білдірілді.
Бұған қосымша, Елші Т.Шалданбай қазақстандық өнерпаздардың қойылымдары Иордания жұртшылығының ыстық ықыласына бөленіп, екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті әрі қарай нығайтуға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.
Қазақстандық өнерпаздардың концерті көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұзақ қол шапалақтау қошеметімен жалғасын тапты. «Арқа сазы» және «Аққу» ансамбльдерінің өнер көрсетуі көрермендердің зор қызығушылығын тудырып, фестивальдің концерттік бағдарламасындағы жарқын оқиғалардың біріне айналды.
Еліміз ансамбльдерінің Жараш фестиваліне қатысуы Қазақстан мен Иордания арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және Қазақстанның бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Анықтама ретінде: Жараш мәдениет және өнер фестивалі Таяу Шығыстағы ең ірі халықаралық мәдени іс-шаралардың бірі болып табылады. 1981 жылдан бері өткізілудегі Фестиваль жыл сайын ежелгі Римнің Жараш қаласында өткізіліп, араб елдері мен әлемнің басқа да мемлекеттерінен келген танымал музыканттарды, театр және би ұжымдарын, сондай-ақ мәдениет қайраткерлерін біріктіреді. Осы жылдар ішінде Фестиваль мәдени алмасуды дамытуға, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге және мәдениетаралық диалогты нығайтуға ықпал ететін беделді халықаралық алаң ретінде кеңінен танылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-amman/press/news/details/1263654?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау