Ақтөбе облысында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биыл өңірдегі сегіз білім беру ұйымында күрделі жөндеу жүргізілуде. Барлық нысандарда құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін – 2026 жылдың 20 тамызына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың бірі – Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебі. Қазіргі таңда мұнда ғимараттың инженерлік желілері толық жаңартылып, білім беру процесінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Жоба аясында мектептің ішкі және сыртқы электр желілері толық ауыстырылып жатыр. Бұрынғы әуе желілері заманауи талаптарға сәйкес кабельдік жүйеге көшірілуде. Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз, жылу жүйелері, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері де толық жаңғыртылады.
Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, еден жабындары, қабырғалар мен төбелер жаңартылады. Терезе алды тақтайшалары ауыстырылып, қажет болған жағдайда жаңа шыныпакеттер орнатылады. Сондай-ақ шатырға жөндеу жүргізіліп, ішкі және сыртқы жарықтандыру жүйелері жаңартылады. Мектеп ауласына кеспетас төселіп, жаңа қоршау мен орталық кіреберіс қақпасы салынады.
Күрделі жөндеумен қатар білім ордасының материалдық-техникалық базасы да жаңа деңгейге көтеріледі. Инновациялық білім беру ортасын дамыту жобасы аясында Қарауылкелді орта мектебінде информатика кабинеті, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеті, инклюзивті қолдау кабинеті, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Жаңартылған оқу кабинеттері оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға, инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыруға, тәжірибеге негізделген оқытуды кеңейтуге және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Облыста жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар Президенттің білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын кезең-кезеңімен орындауға бағытталған. Нәтижесінде жаңа оқу жылында жүздеген оқушы қауіпсіз, заманауи және қолайлы жағдайда білім алатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin/press/news/details/1266328?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау