Департаментте фармацевтикалық қызметтің жекелеген түрлеріне лицензия алу тәртібі түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке лицензия алу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттелген. Аталған қызмет «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Мемлекеттік қызмет «Электрондық үкімет» порталы немесе «Е-лицензиялау» (elicense.kz) ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіледі.

Лицензия алу рәсімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 мамырдағы № ҚР ДСМ-45 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады (2022 жылғы 17 мамырда №28085 болып Әділет министрлігінде тіркелген).

Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру жөніндегі мемлекеттік қызмет жеке немесе заңды тұлғаның өтініші негізінде көрсетіледі. Өтініш Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданады.

Заңды тұлға алдымен лицензияланатын қызметтің кіші түрін анықтауы қажет. Олар: есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіру, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, бөлу, өткізу, пайдалану, тасымалдау немесе жою.

Өтініш беруші қажетті құжаттарды электрондық форматта дайындап, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, «Е-лицензиялау» жүйесі немесе eGov порталы арқылы өтініш береді.

Өтінішке мынадай құжаттар қоса ұсынылады:

  • лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (төлем мемлекеттік органдардың төлем шлюзі арқылы жүргізілген жағдайларды қоспағанда);
  • қызметкерлер тізімінің электрондық көшірмесі, онда ішкі істер органдарының тексеруінен өткені туралы белгі, сондай-ақ наркологиялық және психикалық денсаулық ұйымдарының қызметкерлер арасында нашақорлық, уытқұмарлық немесе созылмалы алкоголизммен ауыратын адамдардың жоқтығы туралы мәліметтері болуы тиіс;
  • есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау үй-жайын күзету туралы жеке күзет ұйымымен жасалған шарттың электрондық көшірмесі.

Қызмет көрсетуші құжаттар порталға келіп түскен күні оларды қабылдап, тіркейді. Тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заңнама талаптарына сәйкестігі тексеріледі.

Сондай-ақ қызмет көрсетуші екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің лицензиялау талаптарына сәйкестігін келісу үшін тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жібереді. Бұдан бөлек, қызмет жүзеге асырылатын орын бойынша техникалық нығайтылу талаптарына сәйкестігі туралы келісім алу үшін уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне сұрау жолданады.

Мемлекеттік органдар он жұмыс күні ішінде өтініш берушінің лицензиялау талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауап береді. Қарау нәтижесінде лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беріледі. Лицензия бергені үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде лицензиялық алым алынады.

Егер ұсынылған құжаттар толық болмаса немесе жарамдылық мерзімі өткен құжаттар ұсынылса, қызмет көрсетуші екі жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан бас тарту туралы дәлелді шешімді өтініш берушінің жеке кабинетіне электрондық құжат түрінде, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған түрде жолдайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-astana/press/news/details/1265799?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version