ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ҚАБЫЛДАУ
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов тұрғындардың жеке және қоғамдық мәселелерін жедел әрі тиімді шешу, халыққа құқықтық және консультативтік көмек көрсету, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайту мақсатында кезекті жеке қабылдауын өткізді.
Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау және өзге де құзырлы мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының өкілдері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл тұрғындардың көтерген мәселелерін жан-жақты қарастырып, сол жерде нақты шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.
Алдын ала жазылған азаматтар негізінен елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру, әлеуметтік және материалдық көмек көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ауыл-аймақтың дамуына қатысты ойларымен бөлісті.
Әрбір азаматтың өтінішіне мұқият назар аударған аудан басшысы мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Заң аясында шешілуі тиіс мәселелер бойынша тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, орындалуы уақытты талап ететін өтініштер бақылауға алынды.
«Халықпен тұрақты кері байланыс орнату, тұрғындардың талап-тілегіне дер кезінде ден қою және көтерілген мәселелердің заң аясында оң шешім табуына ықпал ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мұндай жеке қабылдаулар арқылы елдің мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, нақты шешім қабылдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді» деді Серік Үсенұлы.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1266016?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау