Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2026 жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындылары жарияланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 30 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Б. Қизатовтың қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындылары таныстырылды.

Есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 1440 өтінішті қараған. Оның ішінде 1379 өтініш еңбек қатынастарына, 60 өтініш еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне, ал 1 өтініш халықты жұмыспен қамту саласына қатысты болды.

Алты ай ішінде 211 тексеру жүргізілді. Оның 198-і жоспардан тыс тексеру, 13-і профилактикалық бақылау болды. Тексеру нәтижесінде 261 заң бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша 205 нұсқама берілді. Қазіргі таңда анықталған заң бұзушылықтардың 80 пайызы жойылды, қалғандары бойынша орындау мерзімі аяқталған жоқ.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 48 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 4,4 млн теңгесі өндірілді. Ал өндірілмеген 3,3 млн теңгенің ішінде 2,1 млн теңге жеке сот орындаушыларының өндірісіне жолданса, 1,2 млн теңге бойынша ерікті түрде төлеу мерзімі әлі аяқталмаған.

Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылдың 6 айында облыс кәсіпорындарында 52 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, оның салдарынан 62 адам зардап шекті. Оның ішінде 4 жағдай өліммен аяқталса, 36 қызметкер ауыр, 18 қызметкер жеңіл жарақат алған.

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша облыста 2 кәсіпорынның 6 жұмыскер алдындағы жалақы бойынша берешегі 10,5 млн теңгені құрайды. Департамент бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, жалақы бойынша берешекті толық өтеу бағытында жұмыс жүргізуде.

Әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттарды жасасу және цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 110 ірі, 268 орта және 339 шағын кәсіпкерлік субъектісінің ұжымдық шарттары цифрландырылып, олардың жалпы саны 717-ге жетті.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕСУТД) мәліметтерді енгізу бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілді. 2026 жылғы наурыз–маусым айларының қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштер толық орындалып, тиісінше 241 %, 97 %, 131 % және 170 % көрсеткіштеріне қол жеткізілді.

Сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары бойынша сәйкессіздіктерді жою бағытында да ай сайын оң динамика байқалады. Аталған көрсеткіштер наурыз–маусым айларында тиісінше 96 %, 65 %, 43 % және 119 % болды.

Брифинг барысында еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы да атап өтілді. Департамент қызметкерлері еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесулер өткізіп, қызметкерлердің құқықтары мен еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіруде. Жыл басынан бері 600-ден астам азаматқа еңбек қатынастары мәселелері бойынша құқықтық кеңес берілді.

Департамент қызметі туралы ақпарат тұрақты түрде мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында жарияланып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1266244?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version