Шығыс Қазақстан облысында «Oskemen Open-2026» халықаралық шахмат фестивалінің қорытындысы шығарылды. Турнир барысында 900-ге жуық партия ойналып, жарысқа 16 елден келген 199 спортшы қатысты.
Masters турнирінің жеңімпазы әрі 9 млн теңге жүлдесінің иегері болып 24 жастағы Андрей Есипенко (FIDE) атанды. Екінші орынды Полина Шувалова (FIDE), үшінші орынды Давид Паравян (FIDE) еншіледі. Қазақстандық шахматшылар арасында ең үздік нәтижені 17 жастағы Даниял Сапенов көрсетіп, 12-ші орынға тұрақтады.
Алғашқы 15 орынды иеленген шахматшылардан бөлек, арнайы номинация жеңімпаздары да марапатталды: Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат және Әлішер Сүлейменов Қазақстанның үздік үш ойыншысы ретінде марапатталды; Максим Матлаков пен Денис Махнёв – Эло 2500–2599 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы; Александр Усов пен Роман Кезин – Эло 2400–2499 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы; Артём Бардык пен Назар Талғатов – Эло 2300–2399 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы; Лия Құрманғалиева, Әсел Серікбай және Шубхи Гупта әйелдер арасындағы үздік үштік атанды.
Masters турнирінде 16 елден келген 77 шахматшы күш сынасты, оның ішінде 22 халықаралық гроссмейстер (GM), әйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар. Ал Open турниріне 122 спортшы қатысты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 50 млн теңге. Masters турнирінің жүлде қоры 45 млн теңгені, ал Open турнирінің жүлде қоры 5 млн теңгені құрады. Қос турнир де швейцариялық жүйе бойынша 9 тур аралығында, классикалық уақыт бақылауымен (90+30: бірінші жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылатын 90 минуттық партия) өтті.
Open турнирінде Шымкенттен келген 22 жастағы Әбілмансұр Әбділхаиыр бірінші орынды иеленді. Екінші орын Арыстан Исанжуловқа (Семей), ал үшінші орын Владислав Малыгинге (Павлодар) бұйырды.
«Oskemen Open-2026» ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогінің екінші кезеңі. Ақшалай жүлдеден бөлек, алғашқы 20 орынды иеленген қатысушылар Кубок есебіне ұпай жинайды. Үшінші, қорытынды кезең 12–20 қазан аралығында Атырауда өтеді. Ал финал желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.
Өскемендегі бұл фестиваль қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Турнир Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, ШҚО әкімдігінің, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Үстел теннисі орталығының, Freedom компаниялар тобының, Grand Games мен Grand Mobile, Kazzinc, Qyzyq, Arzu және Emil компанияларының қолдауымен өтті.
https://s3.chess-results.com/tnr1439624.aspx
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1265981?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау