Бразилиа, 2026 жылғы 30 шілде – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық қатынастар орнатылуының 33 жылдығына арналған «Қазақстан–Бразилия» достық форумының салтанатты отырысы өтті.
Іс-шараға Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Сюзан Клибанк, «Қазақстан–Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссис Ридель, «Бразилия–Қазақстан» сауда палатасының президенті Кассиано Виана, Бразилияның экономикалық бірлестіктерінің басшылары, қоғамдық-саяси және іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.
Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өз сөзінде Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталып, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар, соның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі және биылғы тамыз айында өтетін бір палаталы Құрылтайға сайлауға дайындық жайында айтып берді.
Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Сюзан Клибанк өз құттықтау сөзінде екіжақты қатынастардың жоғары деңгейіне оң баға беріп, биылғы мамыр айында Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның Астанаға жасаған ресми сапарының табысты қорытындыларын атап өтті. Бразилиялық дипломат өз елінің Үкіметі Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту және кеңейту бағытын өзгеріссіз жалғастыратынын растады.
Өз кезегінде «Қазақстан–Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссис Ридель Қазақстан басшылығы жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, олардың мемлекеттік институттарды нығайту мен елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ол Достық қоғамы аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге әзірлігін білдірді.
Іс-шара барысында Болат Нүсіпов Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулдары мен осы лауазымға үміткерлерге табысты ықпалдастықтары үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге қосқан үлестері үшін Елшіліктің алғыс грамоталарын табыс етті.
Бразилияның Сан-Паулу, Мату-Гросу-ду-Сул, Санта-Катарина және Пара штаттарындағы Қазақстанның Құрметті консулдары мен кандидаттарының атынан Амазонас штатындағы Қазақстанның Құрметті консулы Нетто Кардозо Қазақстан Елшісіне қолдауы мен жоғары сенімі үшін алғыс айтып, нышанды түрде штат астанасы Манаус қаласының орталығындағы көшелердің біріне берілген «Қазақстан көшесі» атауы жазылған тақтайшаны сыйға тартты.
Іс-шара соңында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдарының элементтері ұсынылған мерекелік дастарқан жайылды. Өз кезегінде Бразилия тарапы танымал бразилиялық және әлемдік әндерден құралған музыкалық перформанс ұсынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1267122?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау