Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Көлік министрлігінің басшылығы Орал өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірінің құрылыс жобасын әзірлеу барысымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылып, «Ақтөбе – Орал – Ресей Федерациясының шекарасы» халықаралық маңызы бар автомобиль жолында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа көпір техникалық тексеру қорытындысы бойынша апатты деп танылған қолданыстағы көпірдің жанына салынады. Жобаны іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, өңірдің жол желісіндегі ең қарқынды учаскелердің бірінде көлік қатынасының сенімділігін қамтамасыз етеді.
Жоба аясында ұзындығы 8 шақырым болатын автомобиль жолын, сондай-ақ заманауи монолитті екі көпірді салу көзделген. Оның ішінде арналық көпірдің ұзындығы – 513 метр, өзен жайылмасындағы көпірдің ұзындығы – 1710 метр.
Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген.
Заманауи инженерлік шешімдер мен технологияларды қолдану көлік инфрақұрылымының сенімділігін едәуір арттыруға, жол учаскесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және нысанның ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобамен танысу қорытындысы бойынша Көлік министрлігінің басшылығы мемлекеттік сараптамадан өту рәсімдерін жеделдетуді, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру көздерін қысқа мерзімде айқындауды, сондай-ақ жобаны іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1267170?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау