Талқылауға Астана қаласы Урбанистика орталығы директорының орынбасары Данияр Шындалиев пен Қазақстан урбанистер қауымдастығының қалалық жоспарлау жөніндегі сарапшысы Әдия Қарсыбек қатысты.
Астана Урбанистика орталығының өкілдері жағалау бойындағы саябақтарды біртұтас велосипед-жаяу жүргіншілер бағытына біріктіретін «жасыл артерия» құру, автокөлік қозғалысын шектей отырып, жаяу жүргіншілер бульварларын қайта жаңарту, нөсер суын ағызатын жаңбыр бақшалары мен су өткізгіш жабындарды қолдану сынды жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар қаланың даму бағытын айқындайтын негізгі құжат ретіндегі мастер-жоспардың рөлі талқыланды.
Урбанистердің айтуынша, мастер-жоспар қаланың алдағы 5–10 жыл ішіндегі даму бағытын айқын сипаттайды: әрбір тұрғын мен кәсіпкерде өз ауданының қалай дамитыны жөнінде нақты түсінік болады. Құжат кеңістік экономикасының, инженерлік инфрақұрылымның және қоғамдық аумақтардың өркендеуін қамтып, тұрғындарға, бизнеске және әлеуетті инвесторларға жол картасы болмақ.
Болат Ақшолақов мастер-жоспардың толығымен әзірленіп бітуін күтпей, параллельді түрде эскиздік шешімдер мен жоба құжаттамасын дайындап, басым бағыттағы жекелеген аумақтарды абаттандыруға кірісу керегін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар тұжырымдама материалдарын дайындау мерзімдерін де талқылады. Мамандардың бағалауынша, қаланың орталық бөлігінің жалпы эскиздік тұжырымын әзірлеуге шамамен алты ай уақыт кетеді. Негізгі жобаның бастапқы эскизі екі айда, экологиялық және жобаалды талдау шамамен үш айдан кейін дайын болады.
Тараптар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоба аясындағы алғашқы аумақтың бірі ретінде Жеңіс саябағын, жаяу жүргіншілер көпірін, Тұрғындар қалашығындағы саябақ пен Ретросаябақтың Тұрғындар қалашығындағы жағажайына шығатын жолымен біріктіретін бағытты қарастыруды ұсынды.
Талқылаушылардың пікірінше, мұндай жобаны іске асыру жүргізіліп жатқан жұмыстың жылдам әрі көрнекі нәтижесі бола алады, өйткені бұл учаскеде қоғамдық кеңістік қалыптасып үлгерген, жасыл желегі де жетерлік.
Кездесуде ағаштар мен бұталардың ұсынылатын түрлерін, оларды отырғызу талаптарын және көгалдандыру объектілерін одан әрі күтіп-баптау ережелерін айқындайтын жарғы әзірлеудің мүмкіндігі де қарастырылды.
Болат Ақшолақов қалалық ортаны дамыту тұжырымдамасы бойынша бірнеше урбанистік топ, салалық басқармалар мен жергілікті мамандар өзара тығыз жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірнеше жобалау тобының болуы олардың арасында бәсекелестік тудырмай, тәсілдердің синергиясын қамтамасыз етуге және тиімді шешімдерді іздестіруге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ бастамаларды іске асырудың барлық кезеңіндегі жұмысты сүйемелдейтін жергілікті жобалау тобын құрудың маңызын атап өтті.
Өңір басшысы дизайнерлер мен инженерлердің тығыз байланыста жұмыс істеуі керегін де алға тартты. Оның айтуынша, архитектуралық шешімнің барлығын бірдей техникалық тұрғыдан жүзеге асыру мүмкін емес, сондықтан жобалау кезеңінде олардың инженерлік мүмкіндіктерге қаншалықты сай келетіні нақтылануы керек.
Болат Ақшолақов мастер-жоспар тұжырымдамасын және қалалық ортаны дамыту жобаларын одан әрі пысықтау үшін жергілікті урбанистермен жүздесу ұйымдастырып, олардың ұсынысы мен сараптамалық пікірін ескеруді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1267225?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау