Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Меркі қант зауытында болып, күзгі қант қызылшасын қабылдау және өңдеу науқанына дайындық барысын зерделеді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкіміне зауыт директоры Нұржан Қарғабаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіпорында күзгі өндірістік маусымға дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, қант қызылшасын қабылдау пунктін әзірлеу, кагат алаңдарын ретке келтіру, өндірістік жабдықтарды жаңғырту, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі өндірістік маусым басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ қант қызылшасын қабылдау барысында кідірістерге жол бермеу, өндіріс процесінің үздіксіз жүруін қамтамасыз ету және шаруаларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар кәсіпорындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды. Өндірістік ғимараттардағы өрттің алдын алу шаралары, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы және қауіпсіздік талаптарының орындалуы қаралып, жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі кәсіпорын аумағының санитарлық тазалығы мен абаттандырылуына да көңіл бөлді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өндіріс орнының аумағын таза ұстау, қалдықтарды уақытылы шығару және еңбек мәдениетін сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тазалықты сақтау әрбір ұжымның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі жауапты тұлғаларға күзгі өндірістік маусымға жан-жақты дайындықты қамтамасыз ету, тазалық іс-шараларын ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және зауыттың тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық шараларды уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1268646?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау