2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша №6 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде атқарылған жұмыстар сараланып, оқу жылының негізгі көрсеткіштері мен қол жеткізілген жетістіктері таныстырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде спорт мектебінің штаттық сан лимиті 57,83 бірлікті құрайды. Оның ішінде әкімшілік-басқару құрамында – 14, педагогикалық құрамда – 29,83 және шаруашылық бөлімінде 14 қызметкер еңбек етеді. Жалпы білім ордасында 35 жаттықтырушы қызмет атқарады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары деңгейдегі жоғары, бірінші және екінші санатты білікті мамандар бар. Бұл өз кезегінде оқу-жаттығу процесінің сапалы ұйымдастырылып, спортшылардың кәсіби даярлығының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Есепті оқу жылында спорт мектебінде 591 спортшы тұрақты түрде жаттығумен қамтылды. Олар бокс, кикбоксинг, таэквондо WT, дзюдо, грек-рим және қазақ күресі секілді алты спорт түрі бойынша шеберліктерін шыңдады.
Жыл қорытындысында спортшылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әлем кубогында кикбоксингтен 3 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алынды. Азия чемпионатында боксшылар 1 күміс пен 1 қола медаль иеленсе, кикбоксингтен 2 алтын, 3 күміс және 1 қола, грек-рим күресінен 1 қола медаль қоржынға түсті.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 7 алтын, 7 күміс және 7 қола, халықаралық турнирлерде 8 алтын, 4 күміс және 2 қола, ал Жамбыл облысының чемпионаттарында 24 алтын, 20 күміс және 18 қола медаль жеңіп алынды.
Спортшылардың спорттық шеберлігі де айтарлықтай өсті. 2026 жылы екі спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындаса, 51 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы спорт мектебіне 248 млн 916 мың теңге қаржы бөлініп, оның 53 млн 741 мың теңгесі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бағытталды. Ал 2026 жылы бөлінген 244 млн 987 мың теңгенің 32 млн 92 мың теңгесі осы мақсаттарға жұмсалды.
Сондай-ақ 1 млн 344 мың теңгеге бокс залы, киім ауыстыру бөлмелері, тренажер залы, әжетхана мен жуынатын бөлмелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың кіреберісі, футбол алаңшасы және орындықтары жаңартылды.
Оқу жылы барысында оқу-жаттығу сабақтарының сапасын арттыруға басымдық берілді. Жаттықтырушылар арасында ашық сабақтар, семинарлар мен әдістемелік кеңестер ұйымдастырылып, жас мамандарға тәжірибелік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар спортшыларды жарыстарға сапалы дайындау, оқу-жаттығу жиындарын тиімді өткізу және тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді.
Жалпы, №6 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2025–2026 оқу жылын табысты қорытындылап, жоспарланған міндеттерді толық орындады. Қол жеткізілген нәтижелер – жаттықтырушылар мен спортшылардың қажырлы еңбегінің, жүйелі жұмыстың және сапалы дайындықтың нақты жемісі.
Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жетістіктерді арттыру, спорттық резервті күшейту, жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту және материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1268278?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау