ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ИЗМИР АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркия Республикасының Измир қаласының әкімі Джемиль Тугаймен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту, туризм, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық әлеуетіне, инвестициялық мүмкіндіктеріне және өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталып, бауырлас елдердің өңірлері арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті.
– Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достыққа, бауырластыққа, өзара сенімге және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынастың өңіраралық деңгейдегі жарқын көрінісі. Жақында Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өткен болатын. Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылым қалыптасып, халықаралық талаптарға сай туристік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Түркістан өңірі – туризм, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Алдағы уақытта екі өңір арасында бауырластықты нығайтуға, түрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Біз тәжірибе алмасуға, бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыруға және жан-жақты жұмыс жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Измир қаласының әкімі Джемиль Тугай екі ел арасындағы тарихи және рухани байланыстардың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және инвестиция, туризм, білім салаларындағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Бұл кездесу өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар екі өңір арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, нақты жобаларды пысықтап, іскерлік байланыстарды кеңейтуге уағдаласты.
Измир – Түркияның жетекші өнеркәсіптік, сауда және логистикалық және ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі. Қала өндіріс, халықаралық сауда, теңіз логистикасы, туризм, инновациялар және қалалық басқару салаларындағы озық тәжірибесімен танымал.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жоғары саяси деңгейде қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың 4 айында тауар айналымының көлемі 1,8 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 1,4 млрд АҚШ доллары, импорт – 454 млн АҚШ доллары). Оның шінде, Түркістан облысы мен Түркия арасындағы тауар айналым көлемі – 7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Нақтырақ айтқанда, экспорт – 1 млн АҚШ доллары болса, импорт – 6 млн АҚШ доллары.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1268784?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version