Биыл Семейдегі 100-ге жуық тұрғын үйдің ауласындағы жолдар жөнделеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірнеше тұрғын үйдің аулаларын аралап, абаттандыру және аулаішілік жолдарды жөндеу бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысын көрді.

Аймақ басшысы әуелі сол жағалаудағы Иртышская көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болды. Аталған аумақта жиек тастар жаңартылып, асфальт төселген.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда облыс орталығындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына асфальт төселді. Сонымен қатар 10 аулада асфальт төсеу жұмыстары басталған. Соның бірі – Физкультурная көшесі, 9/2 мекенжайындағы тұрғын үйдің ауласы. Қазір жоба аясында 6 көпқабатты тұрғын үйдің аумағын қамтитын асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Облыс әкімі сондай-ақ, Қаржаубайұлы көшесі, 243 мекенжайындағы «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде жаңғыртылып жатқан тұрғын үйдің ауласын көрді. Бұл үйде 600-ге жуық адам тұрады. Мұнда аула аумағын кешенді түрде жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында балалар ойын алаңдары, спорт және футбол алаңдары салынған. Жақын күндері пайдалануға беріледі.

Аймақ басшысы шаһар тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың маңызын атап өтіп, жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Халықтың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, ойын алаңдары салынып, аулаішілік жолдар жөнделуде. Негізгі көшелерге басымдық беріліп, аулаішілік жолдардың көп жылдар бойы назардан тыс қалғаны рас. Биыл осы жұмысты қолға алып жатырмыз. Қазір барлық жұмыстар белгіленген мерзімге сай атқарылуда. Биыл Семейдегі 100-ге жуық аулаішілік жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын жеткізді.

«Біз осы тұрғын үйде тұрып жатқанымызға 20 жылдан астам уақыт өтті. Бұрындары ауламызда еріген қардың суы толып қалатын. Тұрғындар үйлеріне кіре алмай қалатын кездер болды. Қазір ауламыз адам танымастай өзгеріп жатыр. Қаламыз өсіп-өркендей берсін», – деді Физкультурная көшесінің тұрғындары.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1268774?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version