Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен егін жинау науқанының өту барысы және мал азығын дайындау жұмыстарының жай-күйі бойынша аппараттық кеңес өтті.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, өңірде егін жинау науқаны жоғары қарқынмен жалғасуда. Биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарды құрап, ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымы қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталды.
Атап айтқанда, 377,2 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 43,4 мың гектарға майлы дақылдар, 9,9 мың гектарға қант қызылшасы, 8,6 мың гектарға картоп, 29 мың гектарға көкөніс, 9 мың гектарға бақша дақылдары және 177,6 мың гектарға мал азығы дақылдары орналастырылды.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеуге арналған өндірістік кешені. 2026 жылы жобаның бірінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде жылына 500 мың тонна жүгері өңделсе, кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде өңдеу көлемі 3 млн тоннаға жетеді. Жобаның жалпы құны – 800 млрд теңге.
Осыған байланысты өңірде дәндік жүгері алқабы 25,6 мың гектарға дейін ұлғайтылып, биыл 179 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Сондай-ақ қант қызылшасы алқабы 9,9 мың гектарға жеткізіліп, биыл 450 мың тонна өнім өндіру көзделген. Жиналған өнім облыстағы екі қант зауытында өңделеді. Тараз қант зауыты 25 жылдан кейін қайта жаңғыртылып, жаңа маусымнан бастап 200 мың тонна қант қызылшасын қабылдайды. Ал Меркі қант зауытының жылдық өңдеу қуаты 250 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде өңірде жалпы 44 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарланып отыр.
Егін жинау жұмыстарына қажетті материалдық-техникалық ресурстар толық дайындалған. Биыл облыста 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін оның 102,8 мың тоннасы немесе 93,8 пайызы егіс алқаптарына енгізілді.
Күзгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін өңірге 8,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шаруалар үшін жеңілдетілген баға литріне 288 теңге болып белгіленді. Бұл нарықтық бағадан 47–52 теңгеге немесе шамамен 13 пайызға төмен. Қазіргі таңда облысқа 1,7 мың тонна дизель жеткізіліп, оның 407 тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне таратылды.
Егін жинау науқанына 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 490 астық жинайтын комбайн, 5,4 мың трактор және 4 мыңға жуық басқа техника жұмылдырылған.
Бүгінгі күнге дейін масақты дәнді дақылдардың 257,3 мың гектары немесе 73,2 пайызы орылып, 483,2 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде 221,6 мың тонна бидай және 261,6 мың тонна арпа бастырылды.
Өткен жылы дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7,6 центнерді құраса, биыл бұл көрсеткіш 18,8 центнерге жетіп, екі еседен астам өсті.
Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда 53,8 мың тонна картоп, 195,2 мың тонна көкөніс және 151,6 мың тонна бақша өнімдері жиналды.
Жыл қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 3,4 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр.
Өңірде 2026-2027 жылғы мал қыстату науқанына дайындық та жүйелі жүргізілуде. Алдағы қыста барлық санаттағы шаруашылықтарда 4,1 млн бас мал қыстатылады деп күтілуде. Оның ішінде 474,3 мың бас ірі қара, 3,4 млн бас қой-ешкі, 218,1 мың бас жылқы және 8,7 мың бас түйе бар.
Қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қоры алдын ала нақтыланып, жалпы 3,3 млн тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Қазіргі уақытта 1,9 млн тонна пішен, 344,5 мың тонна сабан, 121,9 мың тонна пішендеме және 203,8 мың тонна қоспа жем дайындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасып, жоспарланған көлем толық қамтамасыз етіледі.
Өз кезегінде өңір басшысы егін жинау науқаны жоспарлы қарқынмен жүргізіліп жатқанын, алайда қазіргі кезең жұмыстың ең жауапты сәті екенін атап өтті. Оның айтуынша, егіннің қалған бөлігін уақытылы жинап алу ғана емес, жиналған өнімді сақтау, өткізу және шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін де қатар шешу қажет.
– Алдағы қыс мезгілінде облыстағы 4,1 миллионға жуық малды азықпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондықтан жем-шөп қорын қалыптастыру жұмыстарын толық аяқтауымыз қажет. Сонымен қатар күзгі егін жинау жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу маңызды. Бір ғана ұшқын мыңдаған гектар егістікті, шаруалардың бір жылдық еңбегі мен маңдай терін күлге айналдыруы мүмкін. Егін жинау науқаны барысында барлық ауыл шаруашылығы техникасының өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкестігіне ерекше назар аударылуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі қант қызылшасы бойынша жоспарланған 450 мың тонна өнімді қабылдау мен өңдеуге зауыттардың әзірлігін, қабылдау пункттері мен қоймалардың жағдайын нақтылап, шаруалардың өнімін өткізуде ешқандай кедергі туындамауын қамтамасыз етуді жүктеді.
Бұдан бөлек, жүгері бойынша жоспарланған 179 мың тонна өнімді қабылдау, сақтау және өткізу мәселелерін де алдын ала пысықтап, барлық дайындық жұмыстарын қазірден бастап жүргізу қажеттігін айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1268797?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау