Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Энергетика министрлігі ұйымдастырған және отын-энергетика кешенінде жасанды интеллект технологияларын практикалық тұрғыда қолдануға арналған «AI for Energy» салалық тренинг-семинары өтті.
Тренингке мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, энергетика саласы кәсіпорындарының, сарапшылар қауымдастығының және халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты. Жалпы семинар жұмысына отын-энергетика кешенінің 300-ден астам ұйымының өкілдері қатысты.
Семинардың құрметті қонағы ретінде жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, 01.AI компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры, Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, доктор Кай-Фу Ли қатысты.
Семинарды ашқан Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс энергетика саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу өндірістік процестердің тиімділігін, энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырудың негізгі факторларының біріне айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық шешімдер кәсіпорындардың қызметін болжау, басқару және оңтайландыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Семинар барысында Кай-Фу Ли мемлекеттік басқару мен энергетика секторында жасанды интеллектті енгізудің халықаралық тәжірибесін таныстырып, жасанды интеллект технологияларының қазіргі даму үрдістері туралы баяндады.
Іс-шара аясында Энергетика министрлігі, 01.AI компаниясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті цифрлық трансформацияны дамытуға, кадрлар даярлауға және энергетика саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Семинар бағдарламасына мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті пайдалану, энергетиканы цифрлық трансформациялау, энергетика саласының жасанды интеллектті дамытудағы рөлі, сондай-ақ технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдау мәселелеріне арналған тақырыптық дәрістер енгізілді. Қатысушылар үздік халықаралық тәжірибелерді, интеллектуалды шешімдерді енгізу перспективаларын және Қазақстанның отын-энергетика кешенін цифрландырудың алдағы қадамдарын талқылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1268732?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау